Публикации

Ұлтшыл болу – басқаларды мойындамау немесе кемсіту емес, өз ұлтыңның мүддесіне жан аямай қызмет ету деген сөз
13.07.2012
Ұлтшыл болу – басқаларды мойындамау немесе кемсіту емес, өз ұлтыңның мүддесіне жан аямай қызмет ету деген сөз

Алма ӘБІЛҚАСЫМОВА, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті, педагогика ғылымдарының докторы, профессор:

 

–Алма Есімбекқызы, бүгінгі сұх­ба­ты­мыздың арқауы болар шағын жи­нақ­ты мектептер шалғайдағы ауыл­дар­дың еншісіне тиіп отыр. Жалпы, ауыл туралы сіздің көзқарасыңыз қан­дай?

–Ауыл – ата-бабамыздың кіндік қаны там­ған жері, ұлтымыздың алтын бесігі, оның әлеуметтік және мәдени дамуының бас­ты күретамыры. Ұлттық рух ауылдан бас­­тау ала­ды, ұлттық болмыс ауылда қа­лып­тасады де­сем, бұл тұжырымыма ешкім дауласа қоймас. Өзге елдердің өмір сүру сал­тына еліктеп, та­рихи тамырларымыздан ажырау қаупі туын­дап отырған қазіргі ға­лам­дану кезеңінің өзін­де де ауылда хал­қы­мыз­дың табиғи бол­мы­сы­ның қаймағы бұ­зылмай, ұлттық сана-се­зі­міміз бен салт-дәс­түріміз сарқылмас мол қа­зына есебінде сақталып келеді. Көнекөз қа­рия­ла­ры­мыз­дың елдің бірлігі мен бере­ке­сінің ұйытқысы, рухани мұраларымыз бен мә­дени асыл қазыналарымызды ұрпақтан-ұрпаққа жет­кі­зуші шежіренің өзіндей болып, ата-қо­ны­сында отырғаны да ауыл қадірін арттыра түседі. Басқа халықтарды білмеймін, қазақ үшін ауыл өзінің маңызды орнын еш­қашан жой­мақ емес, қайта оның қадір-қа­сиеті арта түспек. Елбасымыздың «Егер ауыл – рес­публика экономикасы дамуындағы ма­ңыз­ды фактор болса, ауыл халқы еліміздің қо­ғамдық-саяси тұрақтылығының факторы болып есептеледі» деген сөзі де осыны мең­зесе керек.

Мен ауылды сақтауды және дамытуды қазақ ұлтының тағдырымен, оның бүгіні және болашағымен үндестікте қараймын. Ауыл және ұлт тағдыры – бөліп-жарып қа­рау­ға келмейтін біртұтас ұғым.

– Өткен ғасырдың 60-70 жылдары Қазақстандағы 600 қазақ мектебінің жа­былуы «ұлттың ұлы трагедиясы» деп бағаланған еді. Қазірдің өзінде де ауыл мектептерінің жабылу құбылысы орын алып отыр. Осы жайлы не ай­та­сыз?

– Кеңестік дәуірде интернационализм ұранының дақпыртымен қазақ мектептерінің жабылуы ұлтымыздың бірнеше толқын ұр­па­ғын ана тілінен, ұлттық рухынан, салт-сана­сынан ажыратып, дүбәра жағдайға ұшыратты, сол қалпынан арыла алмай келе жатқандар арамызда әлі көп.

Ал Тәуелсіздік жылдары тұсында қазақ мек­тептерінде білім алатын оқушылар үлесі үздіксіз өсіп, бүгінгі күні 60 пайыздан асып отыр.

Алғашқы жылдары жаңадан ашылған қазақ мектептерінің «тар жол, тайғақ кеш­ке­ні» рас. Бірақ мемлекетіміздің қам­қор­лы­ғы­ның арқасында жағдай түзелді. Жаңадан мек­тептер салынып, олар заманауи талап­тарға сай жабдықталды. Мұғалім дайын­дауға, төл оқулықтарымыздың сапасын жақ­сар­туға үнемі көңіл бөлініп келеді. Сондықтан қазақ мектептерінің маңдайы жарқырап көрінетін кезі келді деп ойлаймын. Алайда мені еліміздің білім беру жүйесіндегі тағы бір құбылыс алаңдатады. Ол – бұрынғы ірі ауыл мектептерінің санының азайып, шағын жинақты мектептер қатарына өту құбылысы. Бұл – өзектілігі күн сайын өршіп келе жатқан мәселе.

Нарықтық қатынастарға көшудің ауыр жүгі ең әуелі ауылдарымызға салмақ түсірді. Кеңшарлар тараған соң ауыл шаңырағы шай­қалып, тұрмысы тұралап қалды. Осы жыл­дары 800-ден аса елдімекендер мүлдем жойыл­ған екен. Мәдениет үйлері, кітапха­на­лар, балабақшалар бірінен соң бірі жабылды. Көп ауыл мектептері қысқартылып, шағын мек­тептерге айналды. Осының бәрі өз кезе­гін­де елдімекен тұрғындарының үдере кө­шуін, тіпті ауылдың жоғалып кету қаупін туын­дататын, өңірлердегі әлеуметтік-эко­но­ми­калық даму бағыттарын өзгеріске ұшы­ра­та­тын күрделі құбылысқа айналып отыр.

Соңғы 15 жылда еліміздегі шағын жи­нақ­ты мектептердің саны екі есеге өсті. Қазіргі таңда республикамызда 4221 шағын жи­нақ­ты мектеп бар. Олардың ішінде бастауыш білім беретіні – 883, негізгі орта білім беретіні – 947, орта білім беретіні – 2391, ауылда ор­наласқаны – 4074. Бұл мектептерде 396 840 оқушы білім алып жатыр.

Осы типтес мектептердің басым көпшілігі Сол­түстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Пав­лодар, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Шығыс Қазақ­стан, Қарағанды облыстарында шо­ғыр­­ланған.

– Шағын жинақты мектептердегі білім сапасы неге төмен, қандай қиын­дықтар кездесіп отыр?

– Әрине, бұл мектептердің жағдайын қай жа­ғынан алып қарасаңыз да, қала мек­теп­терімен салыстыруға келмейді. Шағын жи­нақ­ты мектепке тән, оқушылардың білім алуы мен дамуына кері әсерін тигізетін қиын­дықтар бар. Атап айтсақ, оқушылар дамуына тікелей ықпалдасушы мәдени-әлеуметтік кеңістіктің шектеулілігі, біріктірілген сы­нып­тарда оқытудың қолайсыздығы, бейіндік оқуды ұйымдастыру мүмкіндіктерінің шек­те­луі, білікті мұғалім-мамандардың тұрақ­та­мауы, материалдық-техникалық және оқу-әдістемелік базаның әлсіздігі.

Академияда жүргізген соңғы талдау қо­ры­тындысы шағын мектептердің жартысына жуығының ғимараттары күрделі жөндеуден өткізуді немесе жаңадан салуды қажет ете­ті­нін көрсетті. Бұл мектептердің көбі асхана, спорт залмен қамтамасыз етілмеген. Ба­ла­лар­ды тасымалдау, ыстық тамақпен қам­та­ма­сыз ету, дәрігерлік қызмет көрсету төменгі деңгейде ұйымдастырылған. Интерактивтік тақта, мультимедиялық кабинетпен қамтылу деңгейі, кең жолақты интернетке қосылуы сын көтермейді.

Барлығы 66 мыңнан аса мұғалім жұмыс істейтін бұл мектептерде жоғары санатты мұғалімдер саны аз (3-10%), ал екінші са­нат­ты немесе санаты жоқ мұғалімдер мен аяқ­талмаған жоғары білімі бар немесе сырт­тан оқитын мамандар саны басым.

Пән мұғалімдерінің жетіспеуі немесе жүк­теменің аздығы салдарынан шағын мек­тептерде әдетте бір мұғалімнің бірнеше пән бойынша сабақ беруіне тура келеді. Бұл мұ­ға­лімге қиындық тудырады, соның сал­да­рынан сөз жоқ, білім сапасын нашар­латады. Со­­нымен қатар, олар – оқушылардың ынта-ықыласын арттыруға, оқу-тәрбие жұмысын тиім­ді жүргізуге мүмкіндік беретін педа­го­ги­калық технологияларға, оқытудың ұтымды әдіс-тәсілдеріне негізделген оқу-әдістемелік құ­ралдарға зәру.

Сондай-ақ біріктірілген сыныптарда немесе әртүрлі пәндерден сабақ беретін мұ­ғалімдердің кәсіби санатын, еңбекақысын анықтауға байланысты нормативтік тұрғыда шешімін таппаған мәселелер де кездеседі. Шағын жинақты мектеп басшыларына ар­нал­ған әдістемелік нұсқаулар тапшы.

Қала мектептерінде айтарлықтай жолға қойыл­ған ақпараттық-коммуникациялық тех­нология арқылы білім беру, электрондық оқыту шағын жинақты мектептерде енді ғана қолға алынуда. Ол жергілікті жерлердегі инфрақұрылымның талапқа сәйкессіздігі, кең жолақты интернеттің болмауы және білік­ті мамандардың тапшылығымен бай­ланысты.

Осының бәрі көп жылдар бойы шағын жи­нақты мектептер қызметін оқу-әдістемелік қам­тамасыз етуге тиісті дәрежеде көңіл бөлінбей, бұл маңызды мәселемен қандай да бір ұйымның арнайы айна­лы­с­па­ған­ды­ғы­ның салдары екені бәрімізге мәлім.

–Шағын жинақты мектептерде оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастырудың қан­дай ерекшеліктері бар?

–Шағын жинақты мектептер қызметін ұйым­дастырудың өзіндік ерекшеліктері жетерлік және олар оқу үдерісі барысында ескеруді қажет етеді. Бұл мектептердегі оқыту үдерісі білім мазмұнының сабақтастығы мен үйлесімділігін қамтамасыз етуді, оқыту ба­ры­сында бір пәнділік және бір тақы­рып­ты­лық ұстанымдарын қолдануды талап етеді.

Сыныптардың толымсыздығы сал­да­ры­нан көбіне әртүрлі жастағы екі-үш сынып оқу­шыларын бір сыныпта біріктіріп оқытуға тура келеді. Ал әр сыныптың оқушылары өз­дерінің жас ерекшеліктеріне лайықталып жасалған оқу бағдарламасы бойынша белгілі бір білім көлемін меңгеруі тиіс. Сондықтан екі немесе үш-төрт сыныптың біріктіріліп оқы­тылуы оқушыларға да, мұғалімге де пси­хо­логиялық жағынан да, оқыту әдістемесі тұр­ғысынан да үлкен қолайсыздықтар туын­датады. Сыныптағы оқушы санының аздығы, бір жағынан, оларды даралап оқыту мүм­кін­дігін ұлғайтса, екінші жағынан, пси­хо­ло­гиялық тұрғыда ұжымдық іс-әрекет жасау, оқу­шының коммуникативтік қабілеттерін дамыту мүмкіндіктерін шектейді, шамадан тыс бақылауды күшейтеді, осының барлығы оқу­шының психологиялық ахуалына, білім сапасына әсер етеді.

– Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы республикамыздың білім саласындағы байырғы ғылыми ұйым­дардың бірі екені белгілі. Шағын жи­нақты мектептердегі оқу-тәрбие үде­рі­сін ұйымдастыруды жетілдіру ба­ғы­тын­да академияның қандай жұмыстар атқарып жатқанын айтып өтсеңіз.

– Иә, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы – қазақ білімін ғылыми-әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз етiп келе жатқан қара шаңырақ. Оның тарихы 1921 жылы қазақ халқының біртуар тұлғасы А.Бай­тұрсыновтың басшылығымен құрылған Ака­демиялық орталықтан бастау алады. Осы орталықта алғашқы қазақ әліппесі және бас­қа да оқулықтар жарық көрді. 90 жылға тарта уақыт аралығында Қазақстанның білім жүйесін, қазақ педагогикасын дамытуға ака­де­мияның қосқан үлесі қомақты. 2008 жыл­дың 18 сәуірінде Қазақстан Республикасы Үкі­метінің № 365 қаулысымен академияға Ұлттық білім академиясы мәртебесі берілді.

Академия еліміздің білім беру жүйесін әдіснамалық, ғылыми-әдістемелік және нор­ма­­тивтік-құқықтық тұрғыда қамтамасыз ету қыз­метімен айналысады. Академияның бас­ты міндеттерінің бірі білім берудің барлық дең­­гейлері үшін білім мазмұнын анық­тай­тын,білім беру ісінің негізгі өзегі болып та­бы­ла­тын басты құжат жалпыға міндетті білім бе­ру стандарттарын әзірлеу болып та­бы­ла­ды.

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында академияға жүктелген міндеттер – 2015 жылдан бастап 12 жылдық орта білім беруге көшудi ғылыми-әдіс­темелік тұрғыда қамтамасыз ету және шағын жинақты мектептердегі білім сапасын көтеру.

Аталған мемлекеттік бағдарлама іс-шараларына сәйкес, академия базасында шағын жинақты мектепті дамыту орталығы құрылды. Орталықтың негізгі қызметі осы мектептерді ғылыми, оқу-әдістемелік тұр­ғы­дан қамтамасыз ету және аймақтық ор­та­лық­тардың қызметін үйлестіріп, жетекшілік жасау болып табылады.

Академия еліміздегі шағын жинақты мек­­тептердің қазіргі жай-күйін анықтап, олар­дың қызметін ұйымдастыру жөніндегі өңірлерде жинақталған тәжірибелерге жан-жақты талдау жасады. Мақсат – құнды тә­жі­рибелерді жарыққа шығарып, олармен ша­ғын жинақты мектептерді қамтамасыз ету. Тал­дау әр өңірде педагогикалық кадр­лар­дың біліктілігін арттыру және қайта даяр­лау инс­ти­туттарының жетекшілігімен жи­­нақталған оңды тәжірибелер бар екенін көр­сетті. Мы­са­лы, Қарағанды, Солтүстік Қазақ­стан, Пав­ло­дар облыстарында ресурс­тық орталық-тірек мектебі қызметін ұйым­дас­тыру, оқу-тәр­бие үдерісінде тиімді әдіс-тәсілдерді қол­дану, технологиялық карталар арқылы өзіндік оқыту жұмысын ұйымдастыру жолға қойылған. Ақтөбе облысында негізгі пәндер бойынша біріктірілген сыныптарға арналған оқу-әдістемелік құралдарының жо­басы дайын­далған. Қостанай, Шығыс Қазақ­стан об­лыстарында оқытудың ақпа­рат­тық тех­но­логияларын қолдану бойынша нақты тә­жі­ри­бе жинақталған.

Академияда шағын жинақты мектептің және тірек мектебі-ресурстық орталықтар қыз­метін ұйымдастырудың типтік ережелері дайындалды. Сонымен қатар, Ақтөбе об­лыс­тық кадрлар біліктілігін арттыру және қай­­та даярлау институтымен бірлесе оты­рып, біріктірілген сыныптарға арнап маз­мұны ұқсас тақырыптарды кіріктіре оқы­ту­дың оқу-әдіс­темелік кешені, тағы да басқа оқу-әдіс­те­мелік құралдар әзірленуде.

Академия алдағы уақытта шағын жи­нақ­­ты мектепті дамыту орталығы мен аймақ­тық орталықтардың қызметінің үйле­сімділігін арттыра отырып, нормативтік-құқықтық, оқу-әдістемелік құралдарды, оның ішінде, кірік­тірілген оқу бағдар­лама­ла­рын, оқушының өзіндік оқу-құралдарын әзірлеп, олармен мек­тептерді қамтамасыз ету, өңірлерде жи­нақ­талған құнды тәжі­ри­белер­ді сараптап, жүйелеп, оларды респуб­лика білім ұйым­да­рының практикасына ен­діру жұмыстарын жүргізетін болады. Со­ны­мен қатар, қол­дан­балы ғылыми жоба­лар негізінде білім маз­мұ­нын, оқу-тәрбие үдерісін жетілдіру, ин­но­ва­циялық тех­но­ло­гиялар мен әдіс-тәсілдерді ендіру жұмыс­та­ры жүйелі түрде жүргізілетін болады.

Республика мектептерінің жартысынан аста­мын құрап отырған шағын мектептердің ауқымды проблемаларын шешу үшін рес­пуб­ликалық және жергілікті жерлерде ке­шенді іс-шаралар жүзеге асырылуы тиіс. Рес­пуб­ликалық және облыстық институттар мұғалімдерінің біліктілігін арттыру курс­та­ры­ның сапасын жетілдіру, педагогикалық инс­ти­туттар педагогикалық білім мазмұны мен құрылымына тиісті толықтырулар енгізуі тиіс болса, жергілікті басқару органдары бұл мек­тептердің материалдық-оқыту базасын жақ­сар­ту, кадрлармен қамтамасыз ету бағытында арнайы кешенді бағдарламалар қабылдап, жүзеге асуыруы қажет болып отыр.

Аталған мектептердің оқу-әдістемелік жүйесін дамытудың өзекті мәселелерін жан-жақты талқылап, нақты ұсынымдар қабыл­дау мақсатында таяуда, яғни қараша айы­ның 21-22 күндері Ақтөбе қаласында «Шағын жи­­нақты мектеп: қазіргі жайы және даму бо­лашағы» халықаралық ғылыми-прак­ти­ка­лық конференциясын өткізгелі отырмыз. Кон­ференцияда шағын жинақты мектептер мен ресурстық орта­лық­тарда білім беру үдерісін оқу-әдістемелік тұрғыдан қам­та­ма­сыз ету, мұғалімдердің біліктілігін жетілдіру, білім беру үдерісінде ақпараттық-ком­му­ни­кациялық техно­ло­гия­ларды қол­дану,  қашықтан оқытуды енгізу мәселелері тал­­қы­ла­натын болады. «Шағын жи­нақты мектепті дамытудың аймақтық тәжірибесі» атты әдіс­те­мелік көрме ұйым­дас­тырылады, Ақтөбе облысының іс-тә­жі­рибесі көр­се­ті­леді.

Конференциядан күтеріміз көп. Біз білім ұйымдарының басшылары мен ұстаздарын осы конференция жұмысына белсене қа­тысып, жоғарыда айтылған көкейкесті мә­се­лелерді шешуге атсалысуға шақы­рамыз.

– Конференцияға шетелдерден әдіс­кер ғалымдар келетін болса, біз де олар­дың тәжірибесімен біршама таныс бо­луы­мыз керек. Қолымызда шағын жи­нақ­ты мектептер проблемаларын ше­шуге қатысты зерделенген шетелдік тә­жірибелер бар ма? Болса, біз оларға сүйене аламыз ба?

– Көптеген елдерде шағын жинақты мек­теп­тердің болуын әлемдік білім беру кеңіс­тігіндегі феномен ретінде сипаттауға болады. Ұқсас проблемалар, оларды да­мыту мен шешу жолдары бірдей болса да, әр елде ша­ғын жинақты мектептердің өзін­дік бағыты бар, өзіндік білім беру тәжірибесі мен сая­са­тын жүзеге асыратын жолы бар.

Мысалға алатын болсақ, АҚШ-та әрбір, тіпті ең кішкене ауыл мектебін сақтап қалуға тырысады, ол үшін мұғалімдерге мате­риал­дық тұрғыдан қолдау көрсетіледі, әлеуметтік көтермелеулер жасалады. Мұнда ауылдағы «шағын жинақты» мектеп педагогтерінің жалақысы қаладағы әріптесіне қарағанда екі есе көп.

Франция мен Германияда шағын мек­теп­тердің сабақтарының бір бөлігін кәсіп­орын­дарда, кәсіптік оқу орындарымен тығыз бай­ланыста өткізу кеңінен қол­да­ны­лады. Бұл оқу үдерісін жергілікті өнеркәсіптік және эко­номикалық ерекшеліктермен сәй­кестендіруге және білім алушыларды еңбекке, қызметке араласуға көмектесуге мүмкіндік ашады.

Қоныстары шашыраңқы орналасқан Авс­тралия мен Польшада балаларды оқыту проб­лемасы ақпараттық технологиялар ар­қылы қашықтан оқытумен шешіліп отырады екен.

Батыс Еуропадағы халықтың тығыз ор­наласуы халқы аз елді мекен оқушыларын то­лық кешенді мектептерге тасымалдап оқы­ту толығымен жолға қойылған. Бала­ларды тасы­малдауды ұйымдастыру, оны қажетті қаржымен қамтамасыз ету мәсе­лелерімен біздің еліміздегі жергілікті атқа­рушы органдар сияқты муници­па­ли­теттер айналысады.

2009 жылғы мәліметтер бойынша Ре­сей­дегі жалпы білім беру ұйымдарының 70%-ын шағын жинақты мектептер құрай­ды, яғни, әр төртінші бала шағын жинақты мек­теп­­­те оқиды. Ресейдің білім беру тәжі­ри­бе­сін­де шағын жинақты мектептерді әлеуметтік ортамен біріктірудің түрлі фор­масы бар. Онда мектеп, балабақша және мәдениет үйі, сынып-сабақтық емес типтегі мектептер, базалық мектептер енетін ауыл­дың мәдени өмірін біріктіретін орталық құ­рыл­ған.

Украинада әрбір бес мектептің біреуі 40-50-ден аспайтын оқушысы бар шағын жи­нақ­ты мектеп болып табылады. Бұл елде қар­жылық қиындықтарға қарамастан, екі есе төлемге 1-5 сыныптардың барлық пән­де­рін бір мұғалімнің оқытуы, сыныптағы толым­дылықтың нормативін үш оқушыға дейін азайту, сыныпта 16 оқушы бар жағ­дайда жекелеген пәндерді топқа бөліп оқы­туды енгізу, педагогикалық сағаттар санын оқу жүктемесіне түзету жүзеге асырылған.

Міне, шағын жинақты мектептер қазақ­стандық білім жүйесіне ғана тән емес. Ол басқа елдерде де кездеседі. Әрқайсысының өз ерекшеліктері және қиындығы бар. Біз кез келген шетелдік тәжірибеге сүйену үшін бір нәрсені анықтап алуымыз керек: яғни ұлт­тық болмысымызға кері әсері жоқ па немесе оның түбі неге алып келеді. Ал ой еле­­гінен өткізілген, өзімізге қарай оңтай­лан­­ған тиімді тәжірибелерді неге енгіз­беске?!

– Сұхбатыңызға көптен-көп рақ­мет!

вернуться к списку