Новости
Ғасырға толы Академия тарихынан... (жалғасы)
14.09.2021
138

Ғасырға толы Академия тарихынан... (жалғасы)

 

1990 жылдары екінші тіл мен әдебиеті зертханасы зертхана меңгерушісі Ш.Б. Бәйнештің басшылығымен қазақ мектептеріндегі барлық шетел тілдерінің білім мазмұнын жаңарту және оқытуәдіс-тәсілдерін жетілдіру сияқты күрделі жұмыстарды жүргізе бастады.

 

1993 жылдан бастап зертхана «Шетел тілін оқытудың мазмұны мен әдістемелік жүйесін жаңартудың ғылыми-әдістемелік негіздері» атты кешенді тақырып бойынша зерттеу жұмысын жүргізді. Шетел тілін мектепте оқытудың тұжырымдамасынан бастап, білім стандарты, оқулықтар мен оларға қосымша оқу-әдістемелік кешендер Қазақстанда алғаш рет дайындалып, олар мектептерде тәжірибелік байқаудан өткізілді. Зерттеу нәтижесінде Ш.Б. Бәйнеш, Ә.Н. Әлдібаева, М.Ә. Кебекбаев және т.б. авторлығымен «Орта мектепте шетел тілі пәндері бойынша оқушылардың білім деңгейін анықтау», «Қазақ мектептерінде шетел тілін оқытудың тұжырымдамасы», «Неміс тілі лексикасын оқыту» құралдары, ағылшын, араб, неміс, француз, қытай тілдерінің оқу бағдарламалары мен көптеген мақалалар жарық көрді.

 

«Оқыту қазақ тілінде жүргізілетін мектептердегі оқытудың мазмұны мен әдістерін жетілдіру», «Жалпы орта білім беру тұжырымдамасын жүзеге асырудың теориялық, эксперименттік-педагогикалық шарттары», «Физиканы оқытудың мазмұнын, әдістері мен формаларын жаңартудың ғылыми-әдістемелік негіздері», «Физикадан оқу-әдістемелік кешен жасауға қойылатын талаптар жиынтығын айқындау» және т.б. тақырыптар бойынша зерттеулер жүргізілді.

 

Стандартта берілген базалық білім мазмұны жалпы білім беретін мектепке арналған байқау оқулықтарында жүзеге асырылды. Бұл оқулықтар тәжірибелік байқаудан өткізіліп, кезең-кезеңмен жаппай мектептердің оқыту процесіне енгізілді.

 

Осы жылдары қоғамдық пәндерді оқытуға байланысты жүргізілген көлемді де маңызды жұмыстар қоғамдық пәндерді оқыту зертханасы меңгерушісі, п.ғ.д., профессор Т.Т. Тұрлығұлдың басшылығымен жүзеге асты.

 

Сондай-ақ, бірқатар оқулықтар мен әдістемелік құралдардың авторлары,1993 жылға дейін осы зертхананың меңгерушісі болған аға ғылыми қызметкер Р.М. Бекіш пен 1995 жылға дейін осы зертхананың аға ғылыми қызметкері Р.Т. Құсайынова зерттеу жұмыстарының нәтижелі аяқталуына белсене қатысты. Олармен бірге тарихшы-әдіскер Қ.Ж. Адамбосынов та әдістемелік кешенді әзірлеуге лайықты үлесін қосты.

вернуться к списку