Новости
Ғасырға толы Академия тарихынан... (жалғасы)
9.09.2021
187

1990-1993 жылдары Бастауыш және шағын жинақталған мектептердегі білім проблемалары зертханасы «Жалпы білім беретін мектептердегі тіл мен әдебиет пәндері мазмұнын, оқыту формалары мен әдістерін жаңартудың ғылыми-әдістемелік негіздері» тақырыбы бойынша зерттеу жұмысын жүргізді. Зерттеу нәтижесінде «Қоғам және мектеп реформасына сай қазақ тілін оқыту тұжырымдамасы» (Р.С. Әмір), «Әдеби білім тұжырымдамасы» (Ә. Дайырова), «Орыс тілді мектептерде қазақ тілін оқыту тұжырымдамасы» (Б. Құлмағамбетова), «Концепция обучения русскому языку», «Концепция обучения русской литературе» және т.б.  жұмыстар жасалды.

Институтта қазақ тілін жаңаша оқытуды ұйымдастыру мәселелері бойынша бірқатар ғылыми-әдістемелік еңбектер жарық көрді. Солардың бірі – қазақ тілін оқыту әдістемесі мәселесімен айналысқан Ж. Дәулетбекованың «Оқушылардың танымдық қызығушылығын қалыптастыру» (1996), «Оқушыларға тілді меңгертудің жолдары» (1997) оқу-әдістемелік құралдарын дәстүрлі мектеп жүйесіне жаңа бағыттың енуіне қосқан өзіндік үлесі деп бағалауға болады.

1990 жылдары білім мазмұны мен оқыту әдістері қоғам және мектеп реформасына сәйкес жетілдіріле бастады, оқушыларға берілетін әдеби білімнің негізгі және тереңдетілген деңгейлері айқындалды. Халқымызға қайта оралған алаш арыстарының шығармалары әдеби білім мазмұнына іріктеп алынды. Нәтижесінде «Қазақ әдебиетінің V-XI кластарға арналған бағдарламалары», «VII-XI кластарда қазақ әдебиетін теориялық әрі практикалық жағынан тереңдетіп оқыту бағдарламалары», «Қазақ әдебиетінің факультативтік курстары бағдарламалары» жасалды.

вернуться к списку