Жаңалықтар

Ақтау қаласындағы «Қолжетімді мектеп. Тәжірибе мен даму жолдары» республикалық семинары
15.12.2017
Ақтау қаласындағы «Қолжетімді мектеп. Тәжірибе мен даму жолдары» республикалық семинары

2017 жылғы 12 желтоқсанда «Рухани жангыру» мемлекеттік бағдарламасының аясында және ҚР БҒМ Операциялық жоспарды орындау мақсатында Маңғыстау облысының білім басқармасы «Қолжетімді мектеп. Тәжірибе мен даму жолдары» атты республикалық семинар өткізді. ҚР БҒМ МДОБД тапсырмасы бойынша семинардың жұмысына Ы.Алтынсарин атындағы ҰБА Инклюзивті білім беруді дамыту  орталығының директоры Исмагулова С.К. қатысты.  

Семинардың мақсаты педагогтерге мектепке дейінгі және жалпы білім беретін ұйымдарда инклюзивті білім беруді енгізу бойынша  әдістемелік көмек көрсету, инклюзивті мәдениетті түсінуін кеңейту, Маңғыстау облысында инклюзивті оқыту бойынша тәжірибе алмасу болып табылды.

Семинар Ақтау қаласының №23 орта мектебі мен мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған облыстық мектеп-интернаттың базасында өкізілді. Күннің бірінші жартысында семинардың тәжірибелік бөлімінде екі мектептің мұғалімдері (М. Имангалиева, М. Алагозова,  А. Опа, М. Садихова) бес ашық сабақ көрсетті. №6 орта мектебінің психологы Дүйсембай А. мектеп психологиялық-педагогикалық консилиумының жұмысы мен қызметі  туралы айтты. Ал облыстық оқу-әдістемелік және қосымша білім беру орталығының психологы Назарова Д. семинар қатысушыларымен психологиялық тренинг жүргізді. 

Семинардың екінші бөлімі – пленарлық отырыста Исмагулова С.К. «Қазақстан Республикасындағы инклюзивті білім беруді дамыту жағдайы мен болашағы туралы» атты баяндамасын оқыды.

Семинар жұмысына облыс әкімінің кеңесшісі, Маңғыстау облысының білім басқармасы басшысының орынбасары және оның мамандары, қалалық, аудандық білім бөлімдерінің басшылары, еліміздің барлық облыстарынан келген білім беру ұйымдарының өкілдері, әдіскерлер, мектеп психологтары, үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Семинар күнінің соңында қатысушылар Ақтау қаласының инклюзивті тәжірибені іске асыратын бірқатар мектептері мен бала бақшаларына барып қайтты.

         

тізімге қайтып келу