Жаңалықтар

«Мәңгілік Ел – Қазақстан Республикасының мемлекеттік идеологиясы» дәрісі
25.07.2017
«Мәңгілік Ел – Қазақстан Республикасының мемлекеттік идеологиясы» дәрісі

Ағымдағы жылдың 25 шілдесінде Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті-Елбасы кітапханасының жетекші ғылыми қызметкері, философия ғылымының докторы, профессор Телебаев Ғазиз Тұрысбекұлы Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы қызметкерлеріне «Мәңгілік Ел – Қазақстан Республикасының мемлекеттік идеологиясы» көшпелі дәрісін өткізді.

Ол Елбасы кітапханасы «Қазақстан жолы: Мәңгілік Ел» бағдарламасы бойынша оқыту жұмыстарын жүргізіп отырғанын атап өтті. «Мәңгілік Ел» курсының мақсаты – жоғары кәсіптік және бәсекеге қабілетті  мамандардың жаңа буынын тәрбиелеу. Олар ұлттық сана-сезімі, патриотизм, тарихи сана мен әлеуметтік жады жоғары деңгейлі, еліміздің тұрақтылығы, тәуелсіздігі, қауіпсіздігі бойынша белсенді және шешуші қызметтер атқаратын, өзге мәдениет өкілдерімен сындарлы байланыс орнатуға бейімді әлеуметтік белсенділігі жоғары қоғам мүшелері болмақ.

Дәріс Мәңгілік Ел ұлттық идеясының шығу тегін, оның тұжырымдамасының мазмұнын ашып, тыңдаушыларға идеяны жүзеге асыру жолдары мен одан күтілетін нәтижелерді түсіндіруге бағытталған.

Дәріс-сұхбат тыңдаушылардың үлкен қызығушылығын туғызды. Академияның жаратылыстану-математикалық білім зертханасының меңгерушісі Ш.М. Шүиншина, ғалым-хатшы М.У. Мұқашева, вице-президент А.М. Мамырханова және тағы басқалары дәрістің жоғары деңгейін атап өтті, идеялары мен ұсыныстарымен бөлісті.

Ұлттық білім академиясының аға ғылыми қызметкері Сара Жұманова: «Бүгінгі біз тыңдаған дәріс тақырыбы өте маңызды, әрі өзекті. Қазақстан жастары Мәңгілік Ел ұлттық идеясын терең зерделеуі тиіс деп ойлаймын. Себебі ол – мемлекеттің гүлденуі мен халықтың әл-ауқатын жақсартуды көздейтін мәңгілік құндылықтарға негізделген бағдарлама. Тамыры терең Мәңгілік Ел идеясында жерімізді, тілімізді, мәдениетімізді сақтап қалған бабалар даналығы мен тәжірибесі тұнып тұр. Қазіргі азаматтар және өскелең ұрпақ басты құндылықтарымызды сақтауды жалғастыра отырып, Қазақстанның дамуына үлкен үлес қосуы қажет. Президентіміздің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы, қазіргі Астанада өтіп жатқан ЭКСПО-2017 көрмесі – осының барлығы Мәңгілік Ел болуға қарай жасалған қадамдар», - деді.

тізімге қайтып келу