Жаңалықтар

«2017 жылы мектеп бітірушілерді қорытынды аттестаттау» on-line семинары
23.02.2017
«2017 жылы мектеп бітірушілерді қорытынды аттестаттау» on-line семинары

ҚР Білім және ғылым министрлігімен 2017 жылы жалпы білім беретін мектеп бітірушілерді қорытынды аттестаттау және ҰБТ өткізудің жаңа форматын  түсіндіру жұмысы жалғасуда.

22 ақпанда «Қаржы орталығы» АҚ базасында «2017 жылы мектеп бітірушілерді қорытынды аттестаттау»  екінші on-line семинары өткізілді.

Семинарда таңдау пәндері: «Физика», «Химия», «Биология», «География», «Геометрия», «Дүниежүзі тарихы», «Әдебиет», «Шет тілі (ағылшын, француз, неміс)», «Информатика» бойынша тестілеуді ұйымдастыру және оның мазмұны туралы мәселелер қарастырылды.

Семинар жұмысына Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының қызметкерлері: вице-президент М.Е.Мұқатова, Орта білім институты Жаратылыстану-математикалық білім зертханасының меңгерушісі Ш.М.Шүйіншина, жаратылыстану-математикалық білім зертханасының аға ғылыми қызметкері Г.Ә.Қуанышева қатысты.

Семинарды ҚР Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің Орта білім мазмұны басқармасының басшысы Т.Ж.Жәкенов ашты. Өз баяндамасында 2017 жылы мектеп бітірушілерді қорытынды аттестаттаудың жаңа форматы ерекшеліктерін түсіндіру үшін Министрлікпен жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды.  

Академия қызметкерлерімен және Ұлттық тестілеу орталығының мамандарымен тест мазмұны, тест тапсырмалары әзірленген материалдар, сонымен қатар, тестілеуді өткізу рәсімдері түсіндірілді.  

Пән мұғалімдеріне әр оқу пәні бойынша жауап нұсқаларымен тест үлгілері көрсетілді.  

Келіп түскен сұрақтарға қарағанда, мұғалімдер бітірушілердің жұмысы кандай өлшемшарттар бойынша бағаланатынына ерекше алаңдайтынын көрсетті.

Сонымен қатар, оқытудың қоғамдық-гуманитарлық немесе жаратылыстану-математикалық бағыттарына қарамастан тестілеуге арналған оқу пәнін таңдау мүмкіндігіне қатысты сұрақтар жиі қойылды.

Келесі семинар 27 ақпанда болады. Оған қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімдері шақырылды. 

тізімге қайтып келу