Жаңалықтар

«Үш тілде білім беру: ұлттық және халықаралық тәжірибе» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы
25.11.2016
«Үш тілде білім беру: ұлттық және халықаралық тәжірибе»  халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы

ҚР БҒМ «Ақпараттық-талдау орталығы» АҚ 2016 жылғы 23-24 қарашада «Үш тілде білім беру: ұлттық және халықаралық тәжірибе» халықаралық конференциясын өткізді. Конференция жұмысына Академия қызметкерлері – бас ғылыми хатшы А. М. Мамырханова А. М. және Кәсіптік білім орталығының директоры А. Е. Абылғазина қатысты.

ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Ж. А. Жонтаева алғы сөз айтып, орта білім беру жүйесінің ағымдағы жағдайы туралы презентация көрсетті.

Пленарлық отырыста негізгі баяндамаларды халықаралық сарапшылар жасады:

- Индиана Университетінің (АҚШ) құрметті профессоры Уильям Фиерман, «Қазақстандағы тіл мәселелеріне шолу: тіл саясаты, тілдерді оқыту және қолдану аясы»;

- Иерусалимдегі (Израиль) Еврей университетінің құрметті профессоры Элит Олштейн, «Үштілділік: жеке және әлеуметтік аспектілері. Мектепте үш тілділікті жүзеге асыру»;

- Брюссель университетінің (Бельгия) еңбек сіңірген профессоры Хьюго Баетенс-Бердсмор, «Еуропадағы үштілді білім берудің қолданыстағы бағдарламалары – тәжірибе және кедергілер»;

- Макгилл Университетінің (Канада) құрметті профессоры Фред Дженеси, «Үш тілді білім беру: мектеп директорларына кеңестер»;

- Нингбодағы (Қытай) Ноттингем университеті Білім мектебінің басшысы және профессоры Анвей Фенг, «Үш тілді білім беру контекстінде: Қытай тәжірибесінен сабақтар»;

- Оңтүстік Австралия Университетінің қауымдастырылған профессоры Кэтлин Хью, «Translanguaging» білім алушылардың үштілді тілдік репертуарын кеңейту және күшейту мүмкіндігі ретінде»;

- Accent International (Ұлыбритания) консалтингтік компаниясының және халықаралық тіл мектебінің негізін қалаушы және басқарушы серіктесі Марк Вейстелл, «Ағылшын тілі оқыту тілі ретінде пайдалану»;

- Лондон Университеттік колледжі (Ұлыбритания) Білім беру институтының құрметті ғылыми қызметкері Питер Мехисто, «Ауқымды өзгеріске дайындық және оны басқару».

«АТО» АҚ директоры С. Ә. Ырсалиев конференция қатысушыларына Қазақстан Республикасының мектептері мен жоғары оқу орындарының үш тілде оқытуды кезең-кезеңмен іске асыруға даярлығын зерттеу нәтижелерімен таныстырды.

Конференция қатысушыларына 24 тәжірибелік семинарға қатысу мүмкіндіктері берілді, онда үш тілді білім беру бойынша өзекті мәселелер талқыланды.

Академия қызметкерлері «Үш тілді бағдарламалардың сапасын қамтамасыз ету» және «Үш тілді білім берудегі зерттеулердің әдістері және әдіснамасы» атты тәжірибелік семинарларға қатысты.

тізімге қайтып келу